Басты » Редакция таңдауы » Биліктің бос уәдесінен шаршаған халық әкімдікке басып кірді

Биліктің бос уәдесінен шаршаған халық әкімдікке басып кірді

Қаланың қақ ортасында тұрып, жарыққа жарымаған әлеуметтің бұдан басқа амалы қалмапты. Айтуларынша, аудандық атқамінерлердің „электр бағаналарын орнатып, автобус жүргізіп береміз„,- деп алдағанына 10 жылдың жүзі болыпты. Жауаптылар осы жолы сөзінде тұрмаса, Астанаға арызданамыз,-дейді.

Нұртас шағын ауданындағы бағаналардың сиқы осы. Қатты жел болса, құлауға шақ тұр. Ал, электр сымдары туралы айтудың өзі артық. Сондықтан, мұндағылар балаларын көшеге көп шығара бермейді. Себебі, сапасы сын көтермейтін сымдар кез-келген сәтте үзіліп кетуі мүмкін. Немесе ойын баласы қол созым жердегі тоқты ұстап жазым болама,- деп қауіптенеді.

Құлжабек ӨСКЕНБАЕВ

Нұртас шағын ауданының тұрғыны

Өткендегі қатты желден сымдар үзіліп, көршімнің машинасын зақымдады. Сол жерде балалар болса не болады. Сонда осы Нұртаста апатты жағдай болғанын күтіп отыр ма?

Жарық деген аты болмаса, пайдасынан зиянын көп тартамыз дейді халық. Күндіз 150 киловаттан әзер асатын тоқ мөлшері түнде тіпті төмендеп кетеді. Салдарынан тұрмыс техникалары істен шығып қалады екен. Жарамсыз жатқан құрылғыларды осындағы кез-келген үйден кезіктіруге болады.

Биліктің бейқамдығына ашынған ағайын қоғамдық көліктен көрген қорлығын да қиылып айтты. Бұл жаққа қатынайтын жалғыз 20 бағыттағы автобус екен. Оның өзі шағын ауданның шетіне дейін келетін көрінеді. Мектеп ұзақта болғандықтан балалар қыста батпаққа батып, жазда шаң жұтып жүр. Қаңғыбас иттерге таланып қалғандарда бар.

Айсұлу ЖАҚЫПБАЕВА

Нұртас шағын ауданының тұрғыны

Балаларымыз мектептен келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Былтыр менің қызым жоғалып кетті. Бүкіл шағын аудан іздедік көшемен көше. Мен үшін қандай стресс болды. Ал, қызым екі апта жылады.

Жағдайын айтып, жауапты мекемелерді жағалаған жұртты билік басындағылар құрғақ уәдемен шығарып салады екен. Соңғы рет қала басшылығы жарық мәселесін сәуір айында шешіп береміз депті. Шенеуніктерге тағы да алданып қалған азаматтар ақыры Қаратау ауданы әкімдігіне басып кірді. Бірақ ғимарат күзетшісі ашулы ағайынды табалдырықтан әрі асырмады.

Данияр СҰЛТАНОВ

Қаратау ауданы әкімдігі инфроқұрылым бөлімінің басшысы

Сіздердің мәселеден хабарымыз бар. Қазір Астанада даңғылында құрылыс жүріп жатыр. Қоғамдық көліктің мәселесі жуық арада шешіледі. Жарық бойынша да құрылыс басталды. Нақты мерзімін білмеймін қашан бітетінін.

Жергілікті биліктің берген жауабы осы. Әдеттегідей Нұртас шағын ауданының тұрғындары жарық пен қоғамдық көліктің қашан болатынын біле алмай тарқасты.

Нұрсұлтан Тұрысбеков

Сайт әкімшілігі ескеретеді! Егер сіз балағат сөздер немесе өзгелердің ар-намысына тиетін пікірлер жазып қалдырсаңыз, сайт әкімшілігі жазбаңызды жарияламайды!

Пікір қалдырыңыз

Сіздің email-ңіз еш жерде көрсетілмейдіМіндетті түрде толтырыңыз *

*