Басты » Қоғам » Рұқсат етілмеген орында шомылғандарға айыппұл салынады

Рұқсат етілмеген орында шомылғандарға айыппұл салынады

 

Рұқсат етілмеген орында шомылғаны үшін төтенше жағдай департаменті мен әкімдіктегілер енді азаматтарға айыппұл салмақ. Мұндай шараны қолға алуға 26 маусым күні Шымкентте ер адамның суға батуы себеп болды. Қайнар бұлақ тұрғын үй алабының тұрғыны шомылам деп ажал құшты. Бұл жыл басынан бері су қоймасында орын алған алғашқы қайғылы оқиға. Мұндай дерек тағы қайталанбауы үшін қазір құзырлы органдағылар рейд шараларын жүргізіп, Қайнарбұлақтағы көл маңында тұратындарға түсіндіру жүргізді.

Маусымның 25 күні Қайнарбұлақтағы көл жағасына 3 жігіт демалуға келеді. Үшеудің біреуі көл ортасына дейін жүзіп барып, кенеттен жолдастарын көмекке шақырады. Жанұшыра айқайлаған жігітті өкінішке орай достары құтқара алмады. Оқиға орнына жеткен құтқару қызметіндегілер судан жігіттің жансыз денесін алып шықты. Алдын ала болжам бойынша суға батқан жігіттің аяғы қалың балдырға оралып қалған болуы мүмкін. Қайғылы оқиғадан кейін жергілікті әкімдік қызметкерлері осындағы тұрғындармен кездесіп, жас балаларды суға түсірмеуге шақырды. Алайда кейбір оқушылар адам өмірін жалмаған көлге шомылуын доғаратын түрі жоқ.

Бұл жолы тәртіп сақшылары қараусыз жүрген жас балалардың ата-анасын шақыртқан жоқ. Олар тек ауызша ескертумен ғана құтылып кетті. Рейдтік шараны өткізгендер жастарға мұнда шомылудың қауіпті екенін түсіндіріп бақты. Жұрт шомылатын жерге айналдырып алған жасанды су қоймасы негізінен ауыл шаруашылығы жерлерін суландыруға арналған.

Марат Тәжібаев

Қаратау ауданы әкімінің орынбасары

Қазір біз осы жердің қожайынына су қоймасын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде инвестордың қолына беруді ұсынып отырмыз. Бұл жерге демалыс орны салынуы керек. Себебі осы төңіректің тұрғындарына дем алатын орын қажет-ақ. Біз тұрғындарға бұл жерге шомылуға болмайтынын түсіндіріп, ақпараттандыру жұмысын жүргізудеміз. Талай рет ескерту тақтайшаларын қойып кеттік. Бірақ біреулер оны ұрап кете береді.

Төтенше жағдай қызметіндегілер шомылуға тыйым салынған орындарға тұрақты түрде рейдтік шараларын ұйымдастыруда. Сондай-ақ түрлі алдын-алу шараларын өткізіп, тұрғындарға түсіндіру жүргізеді. Құтқарушылар мұндай шаралардың қайғылы жағдайларды азайтатынына сенімді.

Қуатбек Кенжебекұлы

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары

Біздің жұмысымыз өз нәтижесін беруде. Үстіміздегі жылы қала аумағында 1 адам суға батты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аз. Біз алдын-алу шараларын тек көше бойында емес, әлеуметтік желілерде де жүргізудеміз. Ата-аналарға балаларын жалғыз қалдырмауға шақырамыз. Әсіресе су қоймасына жақын жерде тұратындар. Бұл өте қауіпті.

Жыл басынан бері Түркістан облысы мен Шымкент қаласы аумағында 17 адам суға батып кеткен. Оның 11 жас балалар.

Сайт әкімшілігі ескеретеді! Егер сіз балағат сөздер немесе өзгелердің ар-намысына тиетін пікірлер жазып қалдырсаңыз, сайт әкімшілігі жазбаңызды жарияламайды!

Пікір қалдырыңыз

Сіздің email-ңіз еш жерде көрсетілмейдіМіндетті түрде толтырыңыз *

*