Басты » Медицина » Ақ халаттылар сау қызды сал қылғаны рас па?

Ақ халаттылар сау қызды сал қылғаны рас па?

Сау қызымды сал қылды. Ордабасы ауданы Темірлан аулының тұрғыны нақты диагноз қоя алмай ауруды асқындырып жіберген жергілікті дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуынша, 13 жастағы қызы аудандық ауруханаға осы жылдың қаңтарында түскен. Тиісті тексерісін жүргізген ақ халыттылар сары ауру болдың,-деп науқасқа 10 күн ем көрсеткен. Алайда, бүлдіршіннің жағдайы жақсарудың орнына нашарлап кетіпті. Тіпті өздігінен жүре алмайтын халге жеткен. Дегенмен, дәрігерлер мұның барлығын жоққа шығарып, дер кезінде шара көрдік,-дейді.

Тек жатамын. Жатасың жатасың. Басқалар сияқты жүгіріп жүргім келеді. Тоқтамай жүгіре бергім келеді.

Жанары жасқа толған 14 жасар қыздың төсек тартып жатқанына тура алты ай болған. Әкесінің айтуынша қызы Ордабасы аудандық ауруханасына өз аяғымен барыпты. Ақ халаттылар анализ алып, артынша жұқпалы аурулар бөліміне жатқызған. Ондағылар науқасқа он күн бойы сары аурудың екпесін егіпті. Алайда, дәрігерлер оң нәтижеге қол жеткізе алмаған. Ақыры амалы таусылып, қыздың әкесіне хабар беріпті.

Медеу ӘЛҚУАТ

қыздың әкесі

Бұлар сары ауру деп уколды салды аямай. Бір күні звондап қызыңды алып кет,-дейді. Не болды десем, біз бұны емдей алмаймыз, Шымкентке жібереміз деді. Қызым өздігінен жүре алмайды. Қызым маған не болды деп жылаған соң, қайтадан больницаға апардым. Ол жердегілер өзің үйіңнен укол салдырып келіп, бізге бәле жауып отырсың деді.

Медеу Әлқуаттың сөзіне сенсек қызының жағдайы осыдан кейін оңалмаған. Әр есікті бір қағып, талай табалдырықты тоздырып жүріп әйтеуір Шымкенттің дәрігерлері нақты диагноз қойып берді,-дейді көзіне жас алып. Бірақ, біз емдей алмаймыз, Алматыға барыңыз,-депті. Жергілікті дәрігерлердің жаңылысқанын Алматыдағылар мәлімдеген. Олар сары ауруға қарсы екпенің әсерінен бауыр циррозы асқынғанын айтыпты. Мәселенің мән жайын білмекке Ордабасы ауданының ауруханасына бардық. Мұндағылар айтылғанның барлығын жоққа шығарып, қажетті көмекті дер кезінде көрсеттік,-дейді.

Сәуле БАТЫРХАНОВА

Ордабасы аудандық аурханасы бас дәрігерінің орынбасары

Бұл дәрігерлердің кінәсі деп айта алмаймын. Келген қандайда бір поциентке кері әсерімізді тигізейік немесе дұрыс көмектеспейік деген ой жоқ. Барлығымыз ниеттеніп, Аллаға сеніп жүрген кісілерміз. Біздің ойымызда тек қана қызға көмектесу. Тағыда қайталап айтам қыздың диагнозы өте ауыр.

Бас дәрігердің орынбасары бұдан басқа жарытып ештеңе айтпады. Тек тағылған айыппен келіспей, қойылған сұрақтан медициналық құпия деп сытылып кетті. Ал, науқас бірер күннің ішінде емін жалғастыру үшін Алматыға кетуі керек. Алайда, алыс жолды көтере алмайды. Әкесі ақ халаттылардан қызын уақытша болса да аяққа тұрғызып беруін сұрауда.

Медеу ӘЛҚУАТ

Темірлан аулының тұрғыны

Саны көп сапасы жоқ дәрігерден, біреу болсада білімді болса екен. Нақты диагноз қоя алатын. Біздің ауданда ондай жоқ. Біздің ауданда не ақшаң болуы керек немесе танысың болуы керек. Оның өзінде диагноз қоя алмайды.

Сөз соңында Медеу Әлқуат бесіктен белі шықпаған перзентімнің екпенің кесірінен қос жанбасын кесуге тура келді дейді. Сондықтан қызын қатерлі дертке ұшыратқандар тиісті жазасын алмайынша арыздануын тоқтатпауға бекініпті.

Нұрсұлтан Тұрысбеков

Сайт әкімшілігі ескеретеді! Егер сіз балағат сөздер немесе өзгелердің ар-намысына тиетін пікірлер жазып қалдырсаңыз, сайт әкімшілігі жазбаңызды жарияламайды!

Пікір қалдырыңыз

Сіздің email-ңіз еш жерде көрсетілмейдіМіндетті түрде толтырыңыз *

*