Басты » Иман » Төлеби ауданында жаңа мешіт ел игілігіне берілді

Төлеби ауданында жаңа мешіт ел игілігіне берілді

Бір мезетте 200 адам құлшылық ететін Алла үйін өңірдің қалталы азаматы тұрғызды. Бұл жаңалық әсіресе ауылдықтарды ерекше қуантып отыр. Себебі тұрғындар көп жылдан бері көрші ауылдың мешітіне барып келетін

Игі шараны естіген ел ағалары мен дін жолындағы жандар аядай ғана Қаратөбе ауылына асыға ат терлетіп жетті. Ашылу салтанатына жиналғандар өз қалтасынан қаржы шығарып мешіт салған жомарт жанға алғыстарын айтып жатты. Мәртебелі қонақтар Қаратөбе жұртын құттықтап, келгендерді көп күттірмей құлшылық ғимаратының лентасын қиып берді.

2016 жылы басталған мешіт құрылысы екі жылға жалғасып, ақыры құрбан айт мерекесі қарсаңында ашылып отыр. Бұл оқиға ауыл жұртының қуанышын еселегені анық. 400 -дей үй тұратын елді-мекенде бұған дейін мұндай мешіт болмаған. Сол себепті басты парыздың бірін өтеу үшін мұндағы жас пен кәрі көрші ауылға барып келетін. Дінге берік жамағат діни мерекелерді енді жаңа ғимаратта өткізетін болдық деп төбелері көкке жетуде. Ал ғибадат үйін салғандар, көп тілегін орындау үшін көп күн тер төктік дейді.

Мешіттің ашылу мерекесіне келгендер жұртқа жайылған дастарханнан дәм ауыз тиместен қайтпады. Қайырлы істі қолға алғандар қонақтарға арнап ондаған киіз үй тігіп, ас беріп жақсылардан бата алды. Арнай шақыртылған эстрада әншілері келгендерді әнмен баурап, шараны той-думанға айналдырды.

Сайт әкімшілігі ескеретеді! Егер сіз балағат сөздер немесе өзгелердің ар-намысына тиетін пікірлер жазып қалдырсаңыз, сайт әкімшілігі жазбаңызды жарияламайды!

Пікір қалдырыңыз

Сіздің email-ңіз еш жерде көрсетілмейдіМіндетті түрде толтырыңыз *

*