Басты » Редакция таңдауы » Елімізде 1 миллион 300 мың азаматтың жалақысы өсуі мүмкін

Елімізде 1 миллион 300 мың азаматтың жалақысы өсуі мүмкін

Жаңа жылдан бастап елімізде 1 миллион 300 мың азаматтың жалақысы өсуі мүмкін. Себебі Елбасы жақында ғана жариялаған жолдауында төменгі жалақыны бір жарым есе өсіруге тапсырма берген еді. Міне сол бір миллионнан асатын ел тұрғындарының бүгінде жалақысы мардымсыз екен. Бұл туралы Шымкент жастарымен кездескен Парламент сенатының депутаттары мәлімдеді. Сонымен бірге халық қалаулылары үкімет бұдан былай жастарға қандай қолдау көрсететінін айтып берді.

Еліміздегі Парламент сенатына сайланғанына енді ғана он күннен асқан Дархан Сатыбалды мен Нұрлан Бекназаров Шымкенттік жастармен жүздесуге келді. Бұған дейін зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған қос бірдей су жаңа сенаторлар енді жас буынға Елбасының жолдауын жан-жақты түсіндірді. Қазақстанның әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған құжатта жастарға да үлкен қолдаулар көрсетілмекші.

Дархан Сатыбалды

ҚР Парламенті сенатының депутаты

Бүгінде еліміз бойынша жылына 54 мың грант беріліп отырса, енді соған қоса тағы 20 мың грант берілетін болады. Ол дегеніміз 20 мың бала тегін мемлекет қаражатымен оқытылады.

Сенатор Дархан Сатыбалдының сөзінше бұған дейін қазақстанның білім мен денсаулық саласына жалпы ішкі өнімнің 2 пайызын құрайтын мардымсыз қаржы қаралып келген. Таяуда жарияланған жолдаудан кейін енді үкімет аталған салаларға жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына тең қаржы бөлуі мүмкін. Сәйкесінше енді еліміздің ғылымының тамырына қан жүріп, мұғалімдер мен дәрігерлер жоғары жалақы алып, мәртебелері өспек. Сонымен бірге кәсіпкерлерді қолдауға арналған бизнестің жол картасы 2020 бағдарламасы тағы бес жылға ұзармақ.

Дархан Сатыбалды

ҚР Парламенті сенатының депутаты

Өйткені мен әкімшілікте жұмыс жасайтын кезде көп байқайтыным, шағын және орта бизнеске бөлінген қаржы жылда жетпей қалып, үкіметке сұрай беретін едік. Бірақ жоғарыдағылар бюджет жоспар бойынша болғасын сұрады екен деп бермейді. Енді бұл мәселенің шешімі табылды. Елбасымыз жыл сайын кәсіпкерлікке 30 миллиард қаржы бөлуге тапсырма берді.

Жастардың жайына алаңдаған халық қалаулыларының сөзінше 2022 жылға дейін еліміз бойынша 70 мың орындық жатахана салынып, пайдалануға беріледі екен. Осылай деген сенатор Нұрлан Бекназаров Шымкент жастарының басқа аймақтардан қарағанда өзгеше ерекшелігі бар екенін айтып қалды.

Нұрлан Бекназаров

ҚР Парламенті сенатының депутаты

Біздің Шымкентіміздің өзіндік бренді бар ғой еліміз ішінде. Мәдениет пен өнер саласы, соның ішінде ән-күй бойынша тағы басқа да салаларда біздің жастар басқа өңірлерден қарағанда алға жылжыған әрі жақсы дүниені тез қабылдағыш қабілеті бар ғой. Сонымен бірге креативті ойларымен ерекшеленіп тұрады емес пе. Мәлелен жақында ғана астанаға Парламент қабырғасына барғанда да сол жақта біздің өңірдің жастары келіп, хал сұрап жатыр. Міне біздің жастарымыз сол жақтарда билікке араласып жатқанын көреміз.

Парламент депутаттарынан мақтау естіген жастар жиын барысында өз ұсыныстарын да айтып қалуға тырысты. Олар заң шығарушы органнан студенттердің стипендиясын ең төменгі жалақымен бірге өсіруді және оқу орындарында өтетін пайдасыз флешмобтарды азайтуды сұрады.

Баймырза БЕКАЙДАРҰЛЫ

Студент

Құрметті депутаттар менің сіздерге айтар ұсынысым бар. Пайдасы жоқ флешмобтар мен ресми және бейресми жиналыстарды азайтып, оның орнына Шымкент қаласындағы қараусыз ғимараттарды қалпына келтіріп, оқу орталықтары мен спорт кешендері етсек. Бұл өз кезегінде жас буынның салауатты өмір салтын ұстануға және білім нәрімен сусындауға көп септігін тигізер еді.

Шымкенттен сайланған сенаторлар осындағы жастардың ұсыныстарын парламентке жеткізетінін айтып, Елбасының тапсырмасына сәйкес алдағы жастар жылында осы сынды көптеген түйіткілдерге билік назар аударады деп залдағыларды сендірді.

Сайт әкімшілігі ескеретеді! Егер сіз балағат сөздер немесе өзгелердің ар-намысына тиетін пікірлер жазып қалдырсаңыз, сайт әкімшілігі жазбаңызды жарияламайды!

Пікір қалдырыңыз

Сіздің email-ңіз еш жерде көрсетілмейдіМіндетті түрде толтырыңыз *

*