Басты » Редакция таңдауы » ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ ЖҰМЫСҚА ШЫҚПАЙ ҚОЙДЫ

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ ЖҰМЫСҚА ШЫҚПАЙ ҚОЙДЫ

28-сәуір күні 74-бағыттағы автобустар жолға шыққан жоқ. Яғни, жүргізушілер қоғамдық көліктердің рөліне отыруға қарсы болған. Себебі, транспорт компаниясының басшылығы күнделікті өткізілетін жоспар қаржысын 1000 теңгеге бір-ақ көтеріп жіберген. Басшылықтың бұл қадамға баруы да бекер емес екен.

     №74 бағыттағы автобустардың дені 3 – автопарктің тұрағында қаңтарылып тұруға мәжбүр болды. Оған себеп транспорт компаниясы басшылығының жүргізушілердің күнделікті өткізетін жоспарлы қаржысына 1000 теңге қосуы. Бұған дейін күніне бір бағыттағы автобус мекеме қазынасына 33 мың теңге өткізіп келген. Ал, автопарк басшылығын кенттен осындай қадамға баруға қала көшелеріндегі аялдамаларда тұратын, көпшілік арасында «секундомер» аталып кеткендер итермелепті. Олар бағыттағы әр автобустан күніне 500 теңге алып отырады екен. Ол аздай, қоғамдық көліктердің бір-бірімен жарыс ұйымдастырып, аялдамалардағы адамдарға таласуына да кінәлі көрінеді.

     Бауыржан КУЛИШОВ, Транспорт компаниясының басшысы:

     – Жүргізушілердің күнделікті өткізетін жоспарлы қаржысын мың теңгеге көтергеніміз рас. Нәтижесінде, көптеген жүргізушілер жұмысқа шықпай қойды. Ал, біз бұл қадамға не үшін бардық? Өйткені, қаладағы аялдамалардың барлығында автобус жүргізушілерін уақытынан жаңылыстырып жіберетін секундомерлер қаптап кетті. Олар бір күнде әр автобустан 500 теңге көлемінде қаржы алып отырады. Автобустардың бір-бірімен жарысып, жол ережесін жиі бұзуы міне, сол секундомерлердің кінәсі. Біздің өз кестеміз бар. Сол бойынша жүруіміз тиіс. Секундомерлерден келіп-кетер пайда жоқ!

     Аталған транспорт компаниясы секундомерлердің мәселесін көтеріп бір емес бірнеше құзырлы органдарға арыз-шағым түсірген. Бірақ, баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр. Тіпті, басшылықтың көтерген мәселесін жүргізушілер де құпатауда.

     Сағат тілі таңғы тоғыздан ауа 74 – бағыттағы автобустарға резервтегі жүргізушілер шақыртылып, олар жолға шығарыла бастады. Ал, біз шаһардағы кейбір аялдамаларға жол тарттық. Секундомерлермен жолығып, тілдесуге. Алайда, бізді көрген олар ізін суытуға асықты. Бірі автоубсқа мініп кетіп қалса, енді бірі аялдама маңындағы дүкенге кіріп кетті.

     Онсыз да арнайы жүру кестесі бар қоғамдық көліктерге секундомерлердің қажеті қанша? Жалпы, олардың жұмысы заңды ма? Күнделікті тауып жатқан қаржылары қайда кетіп жатыр? Бір байқағанымыз, бұл мәселемен бас ауыртып жүрген ешкім жоқ.

Дәурен ДҮЙСЕБАЕВ

Сайт әкімшілігі ескеретеді! Егер сіз балағат сөздер немесе өзгелердің ар-намысына тиетін пікірлер жазып қалдырсаңыз, сайт әкімшілігі жазбаңызды жарияламайды!

Пікір қалдырыңыз

Сіздің email-ңіз еш жерде көрсетілмейдіМіндетті түрде толтырыңыз *

*