Басты » Редакция таңдауы » ҚАЙҒЫДАН ҚАН ЖҰТТЫРҒАН ҚАСІРЕТТІҢ БАСТАЛҒАНЫНА 36 ЖЫЛ

ҚАЙҒЫДАН ҚАН ЖҰТТЫРҒАН ҚАСІРЕТТІҢ БАСТАЛҒАНЫНА 36 ЖЫЛ

Осыдан тура 36 жыл бұрын ауған соғысы бастау алды. 10 жылға созылған қанды қырғынға Қазақстан аумағынан 22 000 адам аттанған. Оның 761-і қаза тапса, 20-дан астамы хабар-ошарсыз кеткен. Майданға қатысқандар ананы жесір, баланы жетім еткен қаралы күндерді қайғыра еске алысты. Олар Абай саябағындағы ауған соғысы ардагерлеріне арналған мемориалға гүл шоқтарын қойып, бір сәт үнсіздік жариялады.

     Талай боздақты қыршындай қиған соғыс 1979 жылы 27-желтоқсанда КСРО-ның Қарулы күштері Ауғанстанға басып кіру салдарынан тұтанған. Кеңес одағы көршілес елдің социалистік бағытпен дамуын көздеп, “интернационалдық әскери жәрдем береміз” деген желеумен Ауған елінің ішкі істеріне араласты. Державаның сол кездегі солақай саясаты бейбіт елге қайғы мен қасірет алып келді. Соғыс ардагерлері соның зардаптарын әлі күнге дейін тартып келеді.

     Бүгінгі таңда жалпы қазақ жерінде 10 мыңға жуық ардагерлер бар. Олардың 3 мыңдайы мүгедектер қатарында. Қайсарлығымен қанды қырғыннан қайтпаған азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің тиісті деңгейде болмағаны қынжылтады – дейді облыстық ауған соғысы ардагерлер одағының төрағасы. Майдандастарды тек осылай ғана ұлықтап келеміз деген ұйым мүшелері ескерткішке гүл шоғын қойды. Ал, Тыныштық Егембердиева аталған майдан жанұядағы тыныштығымды алды дейді. Ақжаулықтының жалғызы 19 жасында соғысқа аяғымен аттанып, табытпен оралған.

     Расында кезінде қайсарлық танытқан батырлардың бүгінгі өмірінде, қынжылтатын тұстар көңілге қаяу салатыны өкінішті-ақ. Бірақ таста қашалып тарихта қалған олардың ерлігін болашақ ұрпақ ешқашан ұмытпайды.

Қанат БАЙСОВ

Сайт әкімшілігі ескеретеді! Егер сіз балағат сөздер немесе өзгелердің ар-намысына тиетін пікірлер жазып қалдырсаңыз, сайт әкімшілігі жазбаңызды жарияламайды!

Пікір қалдырыңыз

Сіздің email-ңіз еш жерде көрсетілмейдіМіндетті түрде толтырыңыз *

*