Басты » Редакция таңдауы » ЖОЛ БЕЛГІСІН ҚОЙҒАЛЫ ҮЙІМІЗГЕ КІРУДЕН ҚАЛДЫҚ

ЖОЛ БЕЛГІСІН ҚОЙҒАЛЫ ҮЙІМІЗГЕ КІРУДЕН ҚАЛДЫҚ

     Жол белгісін қойғалы үйімізге кіруден қалдық. Шымкенттік тұрғындар арнамызға осылай деп арызданды. Олар Ғ.Іляевтен Әділ Сасбұқаев көшесіне бұрылуға тыйым салынғанын айтады. Содан бері полицейлер де үй маңын торауылдауды жиілеткен. Тіпті, бір бағытқа айналған көшеге бұрылып, сақшылардың көзіне түскен жүргізушілердің атына хаттама да толтырылып жатқан көрінеді. Шағымданушылар жүріп-тұруға ыңғайсыз қойылған белгі халықтың қалтасын қағуға арналған ба деп отыр.

     Нұржан Талдақыметов Әділ Сасбұқаев көшінде 20 жылдан бері тұрып келеді. Автокөлікпен жиі жүретін ол, бүгінге дейін өз үйіне кіріп-шығуда ешқандай мәселе болмағанын айтады. Бұрылысқа мына жол белгісі қойылғалы еркін жүруден қалдық дейді. Себебі, полицейлер қырағылықтарын тап осы жерде күшейтеді екен.

     Нұржан ТАЛДАҚЫМЕТОВ, Ә.Сасбұқаев көшесінің тұрғыны:

     – Мына бір “знакты” қойып қойыпты. Білмеймін қалай қойғанын. Мұнда кірсек, инспекторлар тұрады. Артымыздан қуып келеді “дворға”. Үйімізге кіре алмайтын болдық қой – деп айтсақ, мынау “знак” тұр дейді. Кеше ғана қойған көрген де жоқ едік, шынымды айтсам. Енді қалай? Тәуке ханмен айналып барасыңдар дейді. Өмір бойы осы жолмен келдік, енді Тәуке ханмен айнаылып барамыз ба?

     Онсыз да көлік сирек жүретін көшені бір бағытты етіп қоюға қандай қажеттілік болғанын түсінбейміз – дейді жергілікті тұрғындар. Бұдан белгі жол қозғалысы реттегенен гөрі, халықтың жүріп-тұруына кері әсерін тигізуде екен. Ал, қалалық әкімшілік полициясының мамандары жол белгілеріне қатысты шешімдер 7 рет өлшеніп, 1-ақ рет кесіледі деп отыр.

     Ғалым ЕСІМОВ, ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасы Жол техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы:

     – Бірінші зерделедік, қалалық автомобилдер жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің мамандарымен. Ол жерде өздеріңіз білетін болсаңыздар, ені өте тар 3 метрден сәл ғана асады. Яғни, үлкен көліктер жүретін болса, қарсы келе жатқан көліктің өтуіне қиындықтар туындайды. Апаттық жағдай туындауы мүмкін.

     Мамандар сол маңдағы тұрғындардың өз үйлеріне кіріп-шығуын да ескерусіз қалдырмапты. Яғни, Ғани Іляевтен Әділ Сасбұқаев көшесіне бұрылуға тыйым салынғанмен, бұрылысқа 3.2 таңбалы жол белгісі қойылған. Ал, бұл көшенің тұрғындар мен сонда қызмет ететін азаматтарға тыйым салынған белгіге қарамай өз ауласына өтіп кетуге рұқсат береді. Ал, оның соңынан қудалаған полицейлердің ісі заңға қайшы келеді. Осыны жергілікті халық білсе екен дейді.

     Ғалым ЕСІМОВ, ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасы Жол техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы:

     – Сол белгінің аумағында тұратын тұрғындарына немесе сонда қызмет атқаратындарға бұл жол белгісіне кіруге рұқсат етіледі. Мынау жол қозғалысы ережесінде солай жазылған. Сондықтан осы бойынша хаттама жазылған болса, біздің инспекторларымыздың іс-әрекеттері заңға сәйкес келмейді.

     Жергілікті тұрғындар осыған қатысты тағы бір мәселенің ұшын шығарды. Олар жуырда ғана қойылған жол белгісі жүргізушілерге жақсы көрінбейтінін айтады. Яғни, көлікте келе жатқандарға жол белгіні байқамайды екен. Соның салдарынан да көптеген азаматтар қалтасынан қағылып жатқын көрінеді.

     Нұржан ТАЛДАҚЫМЕТОВ, Ә.Сасбұқаев көшесінің тұрғыны:

     – Одан кейін қойса, мына жерге қойсын. Қараңызшы газдың үстіне қойыпты. Анау жақтан келе жатқанда көрінбейді де.

     Ал, мамандардың сөзінше жол белгісі тиісті талаптар сақтала отырып орналасқан.

     Ғалым ЕСІМОВ, ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасы Жол техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы:

     – Ондағы жол белгісі толық ережеге сәйкестендіріліп қойылған.

     Сондай-ақ, мамандар қазіргі таңда қала көшелеріне зерделеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтады. Сасбұқаев көшесі секілді тағы бірқатар тар өткелдер алдағы уақытта бір бағытты көшеге айналуы мүмкін.

Қанат БАЙСОВ

Сайт әкімшілігі ескеретеді! Егер сіз балағат сөздер немесе өзгелердің ар-намысына тиетін пікірлер жазып қалдырсаңыз, сайт әкімшілігі жазбаңызды жарияламайды!

Пікір қалдырыңыз

Сіздің email-ңіз еш жерде көрсетілмейдіМіндетті түрде толтырыңыз *

*