Басты » Мәдениет » ОҚО ӨНЕРПАЗДАРЫ ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАРДЫ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРДЫ

ОҚО ӨНЕРПАЗДАРЫ ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАРДЫ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРДЫ

IMG-20160422-WA0010

     Қазыналы Оңтүстік. Қарағандыда сəуір айының 20-22 аралығында ОҚО мəдениет күндері өтуде. Шараның алғашқы күні “Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі” атты өңіріміздің мұражайлары, қолөнер шеберлері мен суретшілерінің теңдесіз туындылары қойылған кеңейтілген көрмесі ұсынылды. Бұл араға Оңтүстіктің тарихынан сыр шертер, бабалар ерлігін дəріптер, өлкеміздің сұлулығын көрсетер 500-ге тарта жəдігер қойылды. Олар, көздің жауын алар туындыларды тамашалап, əр қайсысымен жеке-жеке танысып, мамандар сөзін ұйып тыңдады. Таңданыстарын да жасырмады. Осылайша, қарағандылықтардың Оңтүстікке деген сый-құрметі арта түсті.

IMG-20160422-WA0001

     ОҚО Мəдениет басқармасының басшысы К.Айдарбекова БАҚ өкілдерімен баспасөз жиынын өткізіп, тарихқа, əдебиетке, өнерге бай өңіріміздің жетістіктерін жіпке тізе айтып берді. Мәдени шараны “Таңғажайып керуен” қойылымымен “Оңтүстік цирк” ұжымы жалғады. Гимнасттар сақтандыру белбеуін тақпай, əуеде қалықтап, күрделі қимылдарын орындады. Əртістер осылайша, өмірін сарапқа салып, көрерменнің ықыласын үстем қойды. Нар тұлғалы, кең жауырынды акробаттар да ел ықыласына бөленді. Жүректі жігіттер, батырға оңы да бір, солы да бір дегенді алға тартып, трюктерін көздерін жұмып, биіктегі арқанда көрсетті. Ақылды иттер де өз көрермендерін қалыптастыра білді. Кішкентай балғындар, “Мұндай керемет циркті алғаш көруіміз”,-деп шаттана тарқасты. Себебі, Қарағандыда цирк ғимараты болғанымен əрістер жоқ.

IMG-20160422-WA0008      Шараның 2-ші күні, Кеншілер шаһарын əсем əн əлдиледі. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы керемет кештің себепшісі болды. Дəстүрлі жəне классикалық əн айтып, құйқылжыған күй төгіп, ғажап биін де көрерменге ұсынды. Ұлттық құндылықтарды дəріптеп, дəстүрлі өнерді жандандырып жүрген жерлестеріміз арқа жұртшылығына үлгі болды. Мəдени күндердің түйінін “Тозақ шеңбері” қойылымымен Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры түйіндеді. Үш күнге жалғасқан медениет мерекесін жоғары деңгейде өткізбекке, Оңтүстіктен 300-ге жуық делегация мүшелері аттанған болатын. Олар, көздеген мақсатын орындап, қарағандылықтарды тамсандырып, сый-сияпаттарын тарту етті.

Таңшолпан НЫШАНБАЙ

Сайт әкімшілігі ескеретеді! Егер сіз балағат сөздер немесе өзгелердің ар-намысына тиетін пікірлер жазып қалдырсаңыз, сайт әкімшілігі жазбаңызды жарияламайды!

Пікір қалдырыңыз

Сіздің email-ңіз еш жерде көрсетілмейдіМіндетті түрде толтырыңыз *

*