Ауылшаруашылық саласының қызметкерлері жылды жоғарғы көрсеткіштермен қорытындылады. Оған дәлел, үстіміздегі жылдың 10 айында аталған саланың жалпы өнім көлемі 288 миллиард теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 млрд теңгеге артық. Бұл «Алтын күз – 2014» мейрамын атап өткен ауылшаруашылық саласының еңбеккерлерінің жетістігі.
Биыл егістіктің көлемі 790 Га құрап, жаңадан 16 мың Га суармалы жер қосылған. Одан бөлек, 2 млн тоннадан артық бақша өнімдері жиналған. Мал шаруашылығында да өсім бар. Бір ғана «Сыбаға» бағдарламасымен 2011-2014 жылдары 28135 бас аналық ірі қара мал сатып алынып, меже 1,8 есеге артығымен орындалып отыр. Экспортталған өнімдерінің сомасы 10 айда 250 млн АҚШ долларын құраған.
«Еңбек етсең ертінбей, тояды қарның тіленбей». Осынау мереке қарсаңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов бірнеше азаматқа «Еңбек ардагері» медалін табыстаса, енді бірқатарына «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін тақты. Аудан әкімдері де құр алақан қалмады. Озат мақсары, ет, астық, мақта, жеміс-жидек өндірген аудан басшылары облыс әкімінің қолынан сыйлықтар алды.
Дәурен ДҮЙСЕБАЕВ