Басты » Редакция таңдауы » ТІЛДІҢ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

ТІЛДІҢ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

Өңірімізде мемлекеттік тілге деген құрмет көңіл көңшітпей отыр. Мемлекет қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қыруар қаржы бөліп келе жатқанына бақандай 17 жылдың жүзі болыпты. Әйтсе де, әлі күнге дейін орган қызметкерлері құжаттарды қазақ тілінде толтыруға құлықсыздық танытады. Яғни, 1997 жылдың 11 шілдесінде қабылданған ҚР «Тіл туралы» Заңы тиісті деңгейде орындалмай келеді. Бұл туралы Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында өткен дөңгелек үстелде сөз болды.

Еліміздің көшбасшысы қашанда мемлекеттік тілдің дамуын естен ешқашан шығарған емес. Тіпті, бір сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы «Он бес жылда аюды да сөйлетуге болады» деген еді. Алайда, аю тұрмақ адамды да мемлекеттік тілде сөйлетіп, қатесіз жаздыру бүгін де айтарлықтай мәселеге айналып отыр. Мұндай олқылықтар сот процестерінде көптеп қиындықтар тудырады екен.

Міне, осы аталған мәселелерді бір жолға қою мақсатында арнайы талдау жұмыстары жүргізіліпті. Зерттеу нәтижесінде мұндай қателіктерге ішкі істер орган қызметкерлері көптеп бой алдыратыны мәлім болған. Мәселен, жол-патрульдік полицейлердің басым бөлігі құқық бұзушыдан сұрамастан хаттаманы ресми тілде толтыратын көрінеді. Ал, бұл өз кезегінде азаматтардың тіл таңдау құқықтарын таптағанмен тең.

Айта кетсек, Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының мамандары «Тіл туралы» Заңды толықтай орындап келеді. Айталық, жыл басынан бері ішкі құжаттардың саны 341 құраса, түгелдей дерлік мемлекеттік тілде жүргізілген. 11 мыңға жуық тіркелген шығыс құжаттары да 100 пайыз қазақ тілінде. Тек сырттан келетін кіріс құжаттарындағы қазақ тілінде толтырылу деңгейі 76 пайызды құрайды. Бірнеше мемлекеттік орган қызметкерлерінің басын қосқан жиында Әкімшілік сотының төрағасы Ақылбек Ертаев жоғарыда айтылған мәселені бірлесіп шешуге шақырды.

Қанат БАЙСОВ

Сайт әкімшілігі ескеретеді! Егер сіз балағат сөздер немесе өзгелердің ар-намысына тиетін пікірлер жазып қалдырсаңыз, сайт әкімшілігі жазбаңызды жарияламайды!

Пікір қалдырыңыз

Сіздің email-ңіз еш жерде көрсетілмейдіМіндетті түрде толтырыңыз *

*