Басты » Мәдениет » «АНАҒА АПАРАР ЖОЛ»

«АНАҒА АПАРАР ЖОЛ»

          «Анаға апарар жол» кинокартинасы Шымкенттік көрермендерге жол тартты. Ақан Сатаев режиссерлік еткен тарихи фильм бұған дейін Алматы, Астана қалаларында көрсетілген. Ана махаббатының құдіретіне арқау болған картинаны Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен «Жаңа әлем продакшн» бірлесіп түсірген. Продюсері Дариға Назарбаева.

            Кинофильмнің тұсау кесу рәсіміне басты рөлдерді сомдаған бірнеше актерлер де қатысып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. 3 сағатқа жалғасқан тарихи фильм 1930 жылдардағы қазақ халқының басына түскен нәубетті суреттейді. Кинокартинаның негізгі желісіне ана махаббатының шексіздігі арқау болады. Басты рөлдегі Ілияс есімді жігіт қатыгез байдың кесірінен әкесінен ерте айырылады. Анасымен жалғыз қалған жас баланы болыс қатыгездікпен алып қашуға бел буады. Дегенмен әкесін атқан болыс жарты жолда жаулардың қолынан қаза табады. Елде қалу қауіпті болғандықтан Ілиясты туыс ағасы Стамбұлға алып кетеді. Ауылда қалған анасын сағынған Ілияс Түркиядан Украина арқылы туған жеріне қайтпақ болады. Қырсыққанда Украин елінің сақшылары жалғыз жүрген баланы ұстап балалар үйіне өткізіп жібереді. Еліне қайтудың сәті түспей, бар балалық шағы сонда өтеді.

                   Жігіт шағында туған ауылына оралмақ сәтінде Кеңес үкіметі мен Германия арасындағы соғыс басталып, соғыстан жеңіспен оралады. Алайда, әкесіне тағылған халық жауы деген айыбы ұлының алдынан шығып, жазықсыздан жазықсыз он бес жылға абақтыға қамалады. Үміті үзілмей келген қарт анасы оны туған жерінде күтумен болады. Қаншама тауқыметті басынын өткерген ана ақыры ұлымен қауышады. «Анаға апарар жол» кинокартинасы ұлттық киноматографиядағы ең айтулы қойылым болып отыр. Осы жылдың наурыз айында Астана қаласында өткен алғаш тұсау кесу шарасында Елбасының өзі жоғары бағасын берген. Кинофильмге бас аяғы 2000 адам қатысып, 300 әскери техника тартылған. Драманың кейбір картиналары Беларусь, Ресей, Әзірбайжан елдерінде түсірілген. Басты рөлдерді сомдаған Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов сынды актерлер Шымкенттік көрермендердің жоғары бағасына ие болды.

Ардақ БЕРДЕН

Сайт әкімшілігі ескеретеді! Егер сіз балағат сөздер немесе өзгелердің ар-намысына тиетін пікірлер жазып қалдырсаңыз, сайт әкімшілігі жазбаңызды жарияламайды!

Пікір қалдырыңыз

Сіздің email-ңіз еш жерде көрсетілмейдіМіндетті түрде толтырыңыз *

*