Басты » Медицина » «ОРАЛУ» К/Ф ШЫМКЕНТТЕ КӨРСЕТІЛДІ

«ОРАЛУ» К/Ф ШЫМКЕНТТЕ КӨРСЕТІЛДІ

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол». Отан сүйгіштікке тәрбиелейтін «Оралу» фильмі Шымкенттіктерге жол тартты. Көптің айтуынша, кино елге, отанға деген сүйіспеншілікті арттырады. Патриоттық сезімді оятады. Тіпті, тың туынды аз уақыттың ішінде «Еуразия» халықаралық кино фестиваліне қатысып, «көрермен көзайымы» атанды. Шығарманың қоюшы режиссері, әрі сценарий авторы Рашид Сүлейменов. Басты рөлдерді Санжар Мәдиев пен Аружан Жазылбаева сомдаған.

     Оқиға Еуропада атағы жер жарған, өз ісінің хас шеберіне айналған жас ғалым Мақсаттың отанына оралуынан басталады. Алғашында ол, елі үшін еңбек етіп, дамуына үлес қосуды қаперіне де алмайды. Тіпті, ана тілін меңгермек түгілі, бір ауыз сөз білмей көпшіліктің сынына ұшырайды. Ақыры «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметтеу» қажеттігін ұғынады.

     Уақыт өте, бас кейіпкердің өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгереді. Яғни, қазақи құндылықтарды бойына жинаған Іңкәр есімді ару мен атасынан қалған мол мұра оған әсер етеді. «Ат тұяғын тай басар» демекші, Мақсат жалына шаң жұқтырмайтын жылқы баптап, биотехнологиялық зерттеумен айналысады. Сөйтіп жүрегі елім деп соғып, патриоттық сезімі оянады. Көрермен, туындыдан салмақты ой түйгенін жеткізді.

     Мың рет естігенше бір рет көр демекші «Оралу» фильмі еліміздің барлық кинотеатрларына 19-шы наурыз күні жол тартпақ.

Таңшолпан НЫШАНБАЙ

Сайт әкімшілігі ескеретеді! Егер сіз балағат сөздер немесе өзгелердің ар-намысына тиетін пікірлер жазып қалдырсаңыз, сайт әкімшілігі жазбаңызды жарияламайды!

Пікір қалдырыңыз

Сіздің email-ңіз еш жерде көрсетілмейдіМіндетті түрде толтырыңыз *

*